Концерт

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
20:58, 2023 ж. сәуірдің 9 кезіндегі Аблайхан (ХБН) (талқылау | үлесі) жасаған нұсқа (сілтеме қостым)
(айырм) ← Ескірек нұсқа | Соңғы нұсқа (айырм) | Жаңарақ нұсқа → (айырм)
Навигацияға өту Іздеуге өту

Концерт (нем. konzert, итал. concerto, сөзбе-сөз келісу, лат. concerto – бәсекеге түсемін) – 1) алдын ала арнайы жасалған бағдарлама бойынша музыкалық, әдеби-хореографиялық және сахналық шығармаларды көпшілік алдында орындау; 2) жеке музыкалық аспап (кейде 2 – 3 жетекші музыкалық аспап) пен оркестр үшін сонаталық циклді формада жазылған музыкалық шығарма. Жеке орындаушы мен оркестрдің өзара жарысын көрсете отырып, оларды салыстыру концерттің негізгі мақсаты болып табылады. Концерт 3 бөлімнен (1-бөлімі өте жылдам; 2-бөлімі лирикалық, байсалды; 3-бөлімі рондо формасында) тұрады. Әдетте, концерттің 1-бөлімі аяқталар алдында (жетекші аспаптың оркестр сүйемелінсіз) импровизациялық сипатта асқан шеберлікпен соло орындалады. Концерттің 2, 4 кейде 5 бөлімді түрлері де кездеседі. Жеке аспап пен оркестрге арналған 3 бөлімді циклдік Концертті алғаш жазған итальян композиторы А.Вивальди (1678 ж. ш. – 1741) болса, одан кейін И.С. Бах скрипка, клавир үшін Концерттер жазды. Концерттің фортепьяно, скрипка, т.б. аспапқа арналған классикалық түрлерін В.А. Моцарт жазды, ал Л.Бетховен бұл жанрға жарқын симфониялық түр беріп, оны одан әрі дамытты. 19 ғасырда Ф.Лист Концерттің 1 бөлімді түрін жазды. Орыс композиторлары П.И. Чайковский, С.В. Рахманинов Концерт жанрының тамаша үлгілерін жасады. С.С. Прокофьев, А.И. Хачатурян, Т.Н. Хренников секілді композиторлардың шығармларында Концерт жанры елеулі орын алды. Жеке дауыс пен оркестр үшін (Р.М. Глиэр, 1874/75 – 1956), балалайка, домбыра, цимбал, т.б. халық аспаптары үшін Концерттер жазылды. Қазақстанда осы жанр бойынша С.Мұхамеджанов (жеке дауыс пен оркестр үшін Концерті, 1958), Ғ.Жұбанова (скрипка мен оркестр үшін Концерті, 1958), Н.Меңдіғалиев (фортепьяно мен оркестрге арналған 2 Концерті, 1959, 1967), т.б. композиторлар елеулі еңбек етті; 3) 2 немесе бірнеше партиялардың (әншілер дауысы, аспаптық ансамбльдер және орган) өзара жарысына негізделген діни музыкадағы көпүнділік, вокальдық немесе вокальды-аспаптық форма. Алғашқы Концерттер 16 ғасырда Италияда пайда болды.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8