Атлетик Бильбао
Атлетик | |||
Толық атауы |
«Атлетик» клубы (ис. Athletic Club de Bilbao, баск Bilboko Athletic Kluba) | ||
---|---|---|---|
Лақап аттары |
Los Leones (Арыстандар) | ||
Құрылған жылы |
1898 | ||
Стадионы | |||
Сыйымдылығы |
53 289 | ||
Президенті | |||
Бас жаттықтырушы | |||
Сайты | |||
Жарыс | |||
2023/24 |
5 орын | ||
Формасы | |||
| |||
Атлетик (ис. Athletic Club de Bilbao, баск Bilboko Athletic Kluba) — Бильбао қаласындағы испан футбол клубы.
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бильбао
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бильбаода алғашқы футбол клубтары екеу болды, олар: верфьтерде жұмыс жасайтын британдықтар және Ұлыбританиядан оқудан оралған баск студенттері құрған клуб. 19-шы ғасырдың соңында Бильбао өнеркәсіптік тауарларды тасымалдайтын маңызды порт болды. Бұның арқасында қалаға көптеген мигранттар жұмыс жасауға келді. Олардың арасында Солтүстік-шығыс Англиядан (Саутгемптон, Сандерленд және Портсмут) келген верфь жұмысшылары мен кеншілер болды. Осы мигранттар бірігіп 1890 жылы Бильбао ФК атымен клуб құрды.
Бұған қарама-қарсы сол жылдары Баск интеллигенциясының балалары Ұлыбританиядан оқудан қайтып келді. Ол жақтан қайтып келгенде Баск студенттері клуб құрап британдық жұмысшылармен жолдастық кездесу өткізді. 1898 клуб ағылшын тілінде жазылған Athletic атын алды. 1901 жылы клуб қатысушылары ресми ережелер мен нормативтiк құқықтық актiлерді белгілеу үшін Cafe Garciaда кездесті. 1902 жылы екі клуб бірігіп, Испания Кубогында Виская атымен ойнады. Сол жылы клуб финалда Барселонаны жеңді. Сол Баск студенттері 1903 жылы сондай-ақ Атлетико Мадрид клубын құрды. Кубокты жеңген клуб байырғы Атлетик атауына қайта оралды.
Клуб алғашқы Испан Кубоктарында басты лидер болды. Алғашқы рет Атлетик Бискайя атымен Кубокты жеңген соң, 1903 жылы бұл атағын сақтап қалды. 1904 жылы клуб Кубокты финалға Эспаньол Мадрид келмеген соң жеңімпаз ретінде жарияланды. 1907 жылы Висцайно Одағына кіріп Виская атымен Испания Кубогына қол жеткізді. 1907-10 жж. клуб Кубокқа қол жеткізбей, қайтадан 1911 жылы жеңді. 1914-16 жж. аралығы клуб үш мәрте Кубокты жеңді. Ол жылдары клуб бас жұлдызы Пичичи болды. Ол ойыншының атына бомбардирлерге берілетін приз атанған.
Атлетиктен басқа, бейресми 1920 жылғы чемпионатта Баск елінен тағы 3 клуб болған (Аренас, Реал Сосьедад және Реал Унион). Бұл төрт клуб 1928 Ла Лиганы құрушы клубтар арасына кірді (1930 жылы олардың арасына Алавес кірді). Бұл Испания чемпионатының 10 клубының 5-еуі Баск елінен болғанын білдіреді. Сол жылдары клуб өзіне Con cantera y afición, no hace falta importación (аудармасы Жергілікті ойыншылар бар кезде, бізге шетелдіктер керек емес) ұранын қабылдады.
1921 клуб бапкері боп бұрынғы Расингты баптаған Фред Пентланд тағайындалды. 1923 жылы клуб Пентланд басшылығымен Испания Кубогында жеңіске жетті. Ол сол кездегі Атлетиктың ойын ойнау тәсілін түбегейлі өзгертіп, командаға қысқа паспен ойнауды алып келді. 1927 жылы ол Атлетиктен кетіп Атлетико Мадрид, Реал Овьедо және Испания құрамасын баптады. 1929 жылы Пентланд Атлетикке қайта оралып, ол мен бірге төрт рет Кубок иегері (1930-33 жж. аралығы), Ла Лига екі мәрте жеңімпазы (1930 және 1931 жылы) және екі мәрте күмісіне (1932 және 1933 жылы) қол жеткізді. 1931 жылы клуб Барселонаны 12-1 есебімен ойсырай ұтумен есте қалды.
Пентландтан кейін Атлетикты баптауға басқа ағылшын Уильям Гарбатт келді. Ол Атлетикты баптаудың алдында Наполимен үш рет Серия А-ны жеңуімен, Дженоамен 3 рет Кубок иегері атануымен есте қалды. Гарбатт командамен алғашқы маусымында-ақ Ла Лиганы жеңді. Бұған қарамастан команда келесі маусым екінші мәрте жеңісіне қол жеткізе алмай, Ла Лиганы 4-нші орынмен ғана бітірді.
Келесі маусымда Гарбатт алаңға, сол кездегі Ла Лиганың ең жас ойыншысы 17-жасар Анхель Субьета Редонда негізгі құраммен Реал Овьедоға қарсы ойында шығарды. Ол матч 3:3 тең есебімен бітті. Келесі матча Гарбатт командасы алдыңғы жылғы чемпионды Реал Бетисты 7-0 есебімен ойсырай ұтты. 1936 жылдың 12 қаңтарында клуб чемпиондыққа басты қарсыласын Реал Мадридты 1-0 есебімен жеңді. Осы маусымдағы соңғы ойынында Атлетик Реал Овьедоны жеңіп, өзінің 4-нші мәрте чемпиондығына қол жеткізді. 1936 жылдың шілде айында Испанияда азаматтық соғыс басталып, 1939 жылға дейін чемпионат өткізілген жоқ. Гарбатт чемпионат қайта ұйымдастырылғаннан кейін Атлетикпен ешқандай жарыста жеңіске жеткен жоқ. 1943 жылы Бенито Муссолининың бұйрығымен Дженоаны баптауға қайта Италияға оралды.
Атлетико Бильбао
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1941 жылы Франконың декреты шыққан соң (испандық емес аттарды және клубтың тек қана баск ойыншыларын шығаруға рұқсат бермеуі) клуб атын Атлетикоға ауыстырды. Бұл жылы клуб сапында болашақ Бильбао аңызы Тельмо Сарра өнер көрсете бастады. Ол келесі он үш маусымда Атлетико сапында 294 доп соқты. Оның 1950-51 жж. маусымдағы 38 голы 60 жыл бойы Ла Лиганың бір маусымдағы бомбардирлық рекорды боп тұрды (бұл рекордты 2009-10 жж. маусымда Криштиану Роналду бұзды). Бұл ғасырдағы клубтағы басқа аңыз ойыншысы Хосе Луис Панисо болды. 1943 жылы клуб Кубокты және чемпионатты жеңіп дубль жасады. Келесі екі жылы клуб Кубок иегері атағын сақтап қалды. 1950-шы жылдарда клубта Испанияға әйгілі Сарра, Панисо, Рафа Ириондо, Венансио және Агустин Гаинс деген шабуылшылар өнер көрсетті. Осы шабуылшылар арқасында Атлетик 1950 жылғы Кубок иегері атанды. Бұдан кейін клубты баптауға Фердинанд Даучик келіп Атлетикке екі мәрте Кубок жеңіп берді (1955 және 1958 жылдар). 1956 жылы Атлетик Манчестер Юнайтедке қарсы еурокубоктерде дебют жасады.
1960-1980-шы жж. Испания чемпионатында үштен көп легионерлер ойнауға тыйым салынды. Бұл проблеманы белгілі Реал Мадрид және Барселона ойыншыларға екі азаматтық берумен шешсе (Альфредо Ди Стефано, Ференц Паскас, Жозе Сантамария және Ладислао Кубала), Атлетик шетелде туған басктерді және Баск елінде туған басқа ұлтты ойыншыларды құрамаға алумен шешкен (Армандо Меродио, Хесус Мария Переда, Мигел Джонс және Хосе Эулохио Гарате). Бұл шешім 1960-шы жж. тек қана бір Кубокты жеңу нәтижесін берді (1969 жыл).
1970-шы жж. клуб тағы да жалғыз мәрте Кубок иегері атанды. 1976 жылғы Реал Сосьедадқа қарсы ойында клуб ойыншылары Ирибар және Кортабаррия Баск туын ортаға орналастырды. Бұл жағдай Франсиско Франконың қайтыс болуынан кейінгі алғашқы ту орналастыру рәсімі болды. 1977 жылы клуб УЕФА Кубогының финалына дейін жетті (финалда Ювентустан жеңілді). Бұдан кейін байырғы атауын өзіне қайта қойды.
1981 жылы клуб бас бапкері боп Хавьер Клементе тағайындалды. Ол клубтың үздік құрамы жиналу кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл кезде клубта жас басктер Сантьяго Уркиага, Мигель де Андрес, Исмаэль Уртуби, Эстанислао Арготе және Андони Цубицарреталарға ардагер ойыншылар Дэни және Гойкоетксе қосылды. Алғашқы маусымда клуб оның баптауымен 4-нші орынға қол жеткізді. 1983 жылы Атлетик Ла Лиганы, ал 1984 Ла Лига мен Кубокты жеңіп дубль жасады. 1985 және 1986 жылдары клуб чемпионатты 3-нші және 4-нші орындарда бітірді. Клементе командасының стилі агрессивты ойынымен, Гойкойетксенің персонификациясымен есте қалды. Оның командасында екі қорғаушы планындағы жартылай қорғаушы екі қорғаушы мен соңғы қорғаушының алдында ойнады. Команданың бұл стилін критиктер қатал, бірақ тиімді стиль ретінде қабылдады. Клементе кеткен соң клуб әзірше Ла Лига жеңімпазы болған жоқ.
Юпп Хайнкес (2001–2003) пен Эрнесто Вальверде (2003–2005) баптаған соң, клуб 2005–06 және 2006–07 маусымдарында Ла Лигада қалуға таласты. 2006 жылы Атлетик шешуші ойында Депортивоға жеңіліп, Ла Лигада қалуға мүмкіндіктері азая бастады. Сол кезде клубты баптауға қайта Клементе келіп клуб чемпионатта орнын сақтап қалды. Бұндай нәтижеге қарамастан Атлетик басшылығы Клементемен келісім-шартты ұзартқан жоқ. Келесі жылы клуб чемпионатта өзінің ең жаман нәтижесіне жетті. Бірақ келесі жылғы Ла Лигаға жолдама алу үшін ойында Атлетик Левантены 2:0 есебімен жеңді.
2008–09 жж. маусымда Атлетик чемпионатты орташа нәтижемен бітірді. Осы жылы клуб Испания Кубогының финалына дейін жетті. Финалда Атлетик Барселонаға 4-1 есебімен жеңілді. Бұның арқасында клуб жаңадан құрылған УЕФА Еуропа Лигасына жолдама алды.
2009–10 жж. маусымда Атлетик чемпионат пен еурокубоктерде орташа нәтиже көрсетті. Ла Лигада өз алаңында Реал Мадридты жеңсе де, өзімен деңгейі бірдей командалармен тең ойнап ұпай жоғалтты. Еуропа Лигасында клуб бельгиялық Андерлехтке жеңіліп қалды. Бұл маусымда клубқа жаңа жас ойыншылар келіп (Хави Мартинес, Маркель Сусаета, Оскар де Маркос, Фернандо Льоренте және Икер Муниаин), кейбір ардагер ойыншылар карьерасын бітірді (Хосеп Этксеберрия және Франсиско Есте).
2010–11 жж. маусымда Атлетик басшылығы клубтың еурокубоктерде жолдама алуға мақсат қойды. Осы маусымда клуб матчтарды әрқалай өткізседе, Атлетиктың УЕФА Чемпиондар Лигасына жолдама алуға әлі мүмкіндігі болды. Шешуші ойында клуб Эспаньолды жеңсе де, Атлетик чемпионатта алтыншы орынға ие болды.
2011-12 жж. маусымның алдында Атлетик клубында президенттік сайлау өтті. Бұл сайлауда екі басты үміткер - сол жылғы клуб президенті Фернандо Гарсия Макуа мен клубтың бұрынғы ойыншысы Хосу Уррутия болды. Бұл сайлауда Уррутия клубқа бұрынғы Чили және Аргентина құрамаларының бапкері Марсело Бьелсаны шақыру уәдесімен жеңіске жетті. Уррутия уәдесінде тұрып, клубқа Марсело Бьелса келді. Бьелса клубқа келісімен дәстүрлі емес құрылымдар мен тактикаларды қолдана бастады. Кейбір ойыншылар өзінің позициясынан өзгеше жерде ойнай бастады. Оның ішінде - Әлем чемпионы Хави Мартинес өз позициясын жартылай қорғаушыдан жасампаз орталық қорғаушыға, Оскар де Маркос жартылай қорғаушыдан сол қорғаушыға ауыстырды. Басында бұл өзгертулер клубқа жақсы нәтиже алып келмей, клубтың шоқ жұлдыздарының бірі - Андер Эррера жарақаттанды. Күзге қарай клуб ойыншылары өзгертулерге үйреніп, Ла Лига мен еурокубоктерде үздік ойнады. Клуб Реал Сосьедадты, Пари Сен-Жерменді, Осасунаны және Севильяны жеңіп, Валенсия мен Барселонамен тең ойнады. Клуб УЕФА Еуропа Лигасының 1/32 раундында Локомотивты жеңіп, жарыста қатысуын жалғастырды.
Атлетик келесі раундта сенсациямен Олд Траффордта Манчестер Юнайтедті 3–2 есебімен жеңіп, өз алаңында 2-1 есебімен тағы да жеңді. Фернандо Льоренте мен Оскар де Маркос екі ойындада доп соқты. Ширек финалдың алғашқы ойынында клуб Шальке 04тен 72-ші минутқа қарай Рауль Гонсалестің добынан кейін жеңіліп жатып, ойынның соңына қарай 4-2 есебімен жеңді. Жауапты ойында Атлетик 2-2 есебімен тең ойнап, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда клуб Спортинг Лиссабонмен кездесті. Алғашқы ойында 2-1 есебімен жеңілсе де, Атлетик 89-шы минуттағы Льорентенің добынан кейін, өз алаңында 3-1 есебімен жеңіп финалға шықты.
Бухаресттің Арена Натионала стадионында өткен ойында Атлетик Радамель Фалькаоның доптарынан кейін 3-0 есебімен ойсырай жеңілді.
Ойсырай жеңілуге қарамастан клубта әлі де Ла Лига мен Кубокта үздік өнер көрсетуге мүмкіндігі болды. 2012 жылғы Испания Кубогының финалына шығып, 2009 жылдағыдай Барселонаға тағы да жеңілді. Бұл нәтижесінің арқасында клуб чемпионатты 10-ыншы орында бітірседе, 2012-13 жж. УЕФА Еуропа лигасына жолдама алды.
2012-13 жж. маусымының басы Атлетик клубында тұрақсыздық кезеңі ретінде есте қалды. Клубтың көптеген талантты футболшыларын БАҚ өкілдері Англия, Италия, Германия клубтарына құдалады. Оның ішінде клубпен келісім-шартын ұзартпаған Фернандо Льоренте мен Хави Мартинесте болды. Осы екі ойыншы келісім-шартты ұзартудан бас тартты. Бұл таласта клуб басшылығы өз айтқанынан қайтпауды шешті. Келісім-шарттың пункті бойынша ойыншы басқа клубқа өту үшін өз келісім-шартын сатып алуы тиіс екен. Мартинес Атлетик басшылығын келіспеуіне қарамастан бұл пункті орындап Бавария футбол клубымен келісім-шарт жасасты. Льоренте бұл пункті орындамай, клуб қарамағында қалды. Атлетиктегі соңғы маусымын екі ойыншы клубтың басқа ойыншыларын бөлек өткізді.
Марсело Бьелсаның клубтың жаңа оқу полигонын салып жатқан мердігерлермен сөзге келіп қалуы бұл жағдайды күрделендірді. Бұл жағдай БАҚ өкілдеріне жетіп, клубтағы жағдай оданда бетер ушығып кетті. Бұл дауда Бьелса өз айтқанынан қайтып, жағдай шешімін тапты. Бұған қарамастан Атлетик клубы бұл маусымға дұрыс құрам құрай алмады.
Команданың бірнеше ойыншылардың жарақат алуы, көптеген талантты ойыншылардың кетуі осы маусымдағы басында жаман нәтижелер алып келді. Бьелсаның әлсіз қорғаушылардың орнына жартылай қорғаушыларды қолдану тактикасы Льоренте мен Адуриссыз командаға көмектесе алмады. Атлетик алғашқы жеті ойынында 21 доп соқса да, есесіне 18 доп жіберді.
Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығуына қарамастан, Атлетик топта 4 ойыннан 1 ұпайға ғана қол жеткізді. Жалғыз ұпайды клуб Израильдік Хапоэль Кирьят-Шмонамен өткен өз алаңындағы ойында алды. Кубокта команда күтпеген жерден Эйбар клубына жеңіліп қалды. Басты допты Эйбар сапында бұрынғы Атлетик Бильбао Б ойыншысы Микель Арруабаррена соқты. Бір аптадан кейін клуб соңғы еурокубоктағы ойынында Спарта Прагамен 0-0 есебімен тең түсті.
Енді тек лигаға назар салса да, клуб әлі де тұрақсыз өнер көрсетті. Клуб ойындарда доп иелігімен басым және сәт тудырудан басым болса да, Бьелсаның жүйесінің кесірінен Атлетик ойыншылары шаршап, керек емес доптарды жібере бастады. Клуб өз алаңында Атлетико Мадридты жеңгенімен, одан кейін Реал Сарагосадан, Райо Вальеканодан және Эспаньолдан жеңілді. Қайтадан клуб наурыз айының ішінде Осасунаны, Валенсияны және Гранаданы жеңді. Бұл жеңістер клубтың Сегундаға шығып қалу мүмкіндігін азайтты. Клубтың негізгі қорғаушысы Фернандо Аморебьета жарақатынан кейін, Бьелса бұл позицияны толықтыру үшін жас француз Эмерик Ляпортты негізгі құрамға қосты. Ол өзінің тәжірибесіздігіннен (оның ішінде екі қызыл қағаз) Атлетик басты ойындарда жеңілді. Бұған қарамастан клуб басшылығы оның болашағынан зор үміт күтіп келісім-шартты ұзартты.
Осы маусымда клуб жастар құрамасы алғаш рет Сегундаға шығуға мүмкіндік алды. Бұл нәтижемен клуб жастар құрамасы алғаш рет резервттік құрамнан қарағанда үздік өнер көрсетті.
Соңғы маусымда клубта басты рөл атқармаған Фернандо Льоренте қысқы трансфер соңында Ювентуске өтті. Клубтың басқа жұлдызы - Аморебьета осы трансфер кезеңінде Фулхэм клубының сапына өтті.
Бапкер Бьелса, шабуылшы Льоренте және қорғаушы Аморебьета кеткен соң клуб өз сапын трансфер нарығында толтырғысы келді. Трансферлік маусымды клуб жаңа бапкермен келісім-шарт жасасумен бастады. Ол Атлетиктың бұрынғы ойыншысы Эрнесто Вальверде болды. Одан кейін клуб Реал Бетистен қақпашы Беньят Эчеберрияны, қорғаныс ортасын нығайту үшін Хаби Этксейте мен Микель Баленсиаганы сатып алды. Трансферлік айна соңында клуб шабуылшы Ариц Адуриске көмек ретінде Осасуна шабуылшысы Энрике Соламен келісім-шарт жасасты. Осы нығайтулар және Атлетиктың жас ойыншылар кадры команда құрамын осы маусымға толық дайын етті. 2013-14 жж. маусымын клуб сәтті өткізіп, чемпионатта 4-інші орынға қол жеткізді. Бұл командаға УЕФА Чемпиондар лигасында өнер көрсетуге жолдама алып берді. Бұл маусымда Андер Эррераның жұлдызы жанып, оған көптеген клубтар құдаласты. Жазғы трансфер кезінде клуб Манчестер Юнайтедке ойыншыны 36 миллион еуроға сатты. Бұл Луи ван Гальдың Манчестер Юнайтедтегі алғашқы сатып алған ойыншысы болды.
2014–15 жылғы Испания Кубогында клуб финалға дейін жетіп, тағы да Барселонаға жеңілді (есеп 3-1). Испания Суперкубогының алғашқы ойынында Атлетик Сан-Маместе Барселонаны 4-0 есебімен ойсырай ұтты. Жауапты ойында Атлетик 1-1 есебімен тең түсіп, 1984 жылдан кейінгі алғашқы титулына қол жеткізді.
Дербилер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Клубтың басты қарсыластарымен ойындары дербиге айналған. Бұлар: «Осасуна» және «Реал Сосьедад» клубтарымен ойын - Басктік дерби (ис. Derbi Vasco;баск Euskal derbia).
Жетістіктері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ұлттық титулдар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Ла Лига
- Чемпион (8): 1929/30, 1930/31, 1933/34, 1935/36, 1942/43, 1955/56, 1982/83, 1983/84.
- Копа дель Рей
- Чемпион (23): 1903, 1904, 1910, 1911, 1914, 1915, 1916, 1921, 1923, 1930, 1931, 1932, 1933, 1943, 1944, 1944/45, 1949/50, 1955, 1956, 1958, 1969, 1972/73, 1983/84.
- Испания суперкубогы
- Чемпион (2): 1984, 2015.
- Эва Дуарте Кубогы
- Чемпион (1): 1950.
Дүниежүзілік титулдар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- УЕФА Еуропа лигасы
- Финалист (2): 1976/77, 2011/12.
- Кішкене Әлем Кубогы
- Чемпион (1): 1967.
Басқа титулдар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Латын Кубогы
- Финалист (1): 1956.
- Иберия Кубогы
- Финалист (1): 1983.
- Баск Кубогы
- Иегері (1): 1935.
- Виская чемпионаты
- Чемпион (17): 1914, 1915, 1916, 1920, 1921, 1923, 1924, 1925, 1926, 1928, 1929, 1931, 1932, 1933, 1934, 1939, 1940.