Афоризм
Афоризм немесе Ділмар сөз — қысқа сөзбен түйінделген тиянақты, бейнелі ой. Әуезов ғылыми және әдеби-көркем шығармашылық еңбегінде Афоризмге үлкен мән беріп, оны жинауға ерекше көңіл бөледі. Ол ертедегі билер, шешендер, ел арасындағы көнекөз қариялар немесе әлем әдебиетінің белгілі майталмандары айтқан Афоризм сөздерді жадында сақтаған,[1] қажеттілерін хатқа түсіріп алып отырған. Солардың бірқатары баспасөз бетінде, жазушының 20 томдық шығармалар жинағында «Есте болар сөздер» деген тақырыппен жарияланды, енді біразы жазушының мұрағатында сақтаулы. Әуезов афоризмді жинаумен қатар, оның жанрлық сипаты, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктері, сөз өнерінің өзге жанрының поэтикалық жүйесінде пайдаланылуы мен атқаратын көркемдік қызметі туралы да маңызды байымдаулар жасаған. Афоризмнің, оның басты поэтикалық қасиеттерінің ақындар айтысында, шешендік өнерде пайдаланылу жолдары мен олардың көркемдік-эстетикалық қызметі жазушының бірнеше зерттеу мақалаларында көрсетілген. «Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904)» атты монографиясында «бір-екі өлең жолының бойына сыйған тұжырымды көркем сөз Абайда көбінесе афоризм боп қалыптасқанын» айта келіп, Афоризмнің өр түрлі жайлардан «түйіп айтқан нақыл, ақыл, терең ойлар» екенін атап көрсетеді.[2]
Афоризмнің баламасы ретіндегі ділмар терминін А.Байтұрсынов енгізді. Ал Шәкәрім Құдайбердиев "мәнді сөздер" деп атайды. Ділмар сөз ойды жинақтап, тереңдетіп, салмақты, өрнекті, кестелі айтуға, мейлінше қысқа, түйінді тұжырымға, өткір мәнерлілікке, парасатты пайымға негізделеді. Мұндай үлгілі, дарынды сөздердің "тігісі жатық" , авторы белгілі. Әлемдік сөз өнерінде афоризмнің өзіндік тарихы бар. Нақыл сөздер көне заманның ойшылдары Платон, Аристотель, Гераклиттен бастала тұра, туған халқымыздың әдеби-көркем мұраларында, әдебиет классиктерінің туындыларында да кездеседі. Ділмар сөзер: отан, халық дәуірге, оқу-білім, ғылым-өнерге, ақыл-парасат, арман-мақсат, үміт-тілекке, адамгершілік асыл қасиеттерге, достық, махаббат, ұрпақ, өмір, уақыт, ата-ана тәрбиесіне, мінез ерекшеліктеріне қатысты жасалады.[3]
Афоризмдерден мысал
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ар-намыс, ұят туралы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Нысап пен ұят әділеттен шығады.
- Бір аяқ сусын - екі кісінің құны: су табылмаса шөлдеген өледі, ұяттан - тауып бермеген өледі.
- Қазаққа ар-ұят ең жоғары саналады.
- Әділеттілік, арлылық пен махаббат - қабірден әрі өткендегі үш жолдасың осылар.
- Арсыз болмай - атақ жоқ.
- Арын сатқан антұрғанның айтқан сөзі құрсын.
- Арыңды сатып тапқан мал - харам.
- Пайда ойлама - ар ойла.
- Арсыз сөз қыдыртып, жұрт құтыртуға құмар.
- Ар-намыссыз - ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл.
- Жалған намыс - қасиет емес, ар сақтаған - қасиет.
- Құс ілген қудың ұятта ісі болмайды.
- Ат - шабысына қарай шабады, ер - намысына қарай шабады.
- Сайланарда бермейтін уәделері жоқ. Сайланып алған соң аспанда құдай барын, ел-жұрт алдында абырой -ұят барын ұмытып кетеді.
- Ұятсызбен ұстаспа.
- Тау суындай тұнық та мөлдір ар.
- Ар жазасы - бар жазадан ауыр жаза.
- Масқарадан ажал да ақтап ала алмайды.
- Айтуға - ұят, айтпасаң - қиянат.
- Рухы мен намысы сөнген ел - өлген ел.
- Ұлттығыңды жойып, тіліңді кесіп, аузыңды буа берсе - қорқақ та боласың, бүгежек те, именшек те боласың.
- Өзіне келер ұятты өзі біліп тұрса игі.
- Жеңілістің өзінен де ұяты жаман.
- Білмеген нәрсеңді сұрап алуды ар көрме.
- Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық тұра ма?! Бұл сипаттардың болуы үшін адам баласы азат, тәрбиелі болуға тиіс.
- Ар-ождан алдындағы адалдық - өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты.
- Ұят қымбат, ар қымбат,
- Кісі малын қымқырып, ары азғандар оңбайды.
- Арың сақта, болсаң да малға кедей.
- Арам жеген өкімдер, параға құныққандар өкініш отына өртенеді.
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Даналар ой маржанын сөзге тізген (Қазақша нақылдар), видео
- Пифагор нақылдары (қазақша нақылдар) видео
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
- ↑ Мұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011 жыл. ISBN 978-601-282-175-8
- ↑ Әдебиеттану терминдер сөздігі / – 3-ші бас. . - Семей-Новосибирск : Талер-Пресс, 2006 . - 400 б. - – 9965-776-24-5