Ақеділ (башқ.Ағиҙел; тат.Агыйдел; орыс.Бе́лая) — Башқұртстандағы өзен, Шолман өзенінің ең үлкен (сол жақтағы) саласы. Бұл сала Иір-емел тауының шығыс жағындағы орналасқан батпақтарынан басталып 1430 км дейін созылады. Су жиналатын алабы 142 мың км2. Оңтүстік ОралдағыОралтау жотасының батысынан басталады. Жоғарғы жағының жағасы жайпақ, батпақты, орта ағысында өзеннің аңғары күрт тарылып, кей жері тік жар болып келеді. Өзеннің жағалауында орман өседі. Оң саласы Нигуш және Уфа өзендері қосылғаннан кейін, арнасы бірте-бірте кеңейіп, жазықтық өзеніне айналады. Көп жерінде оң жағасы көтеріңкі келеді. Негізінен қар суымен толығады. Жылдық орташа ағыны Бирск қаласының тұсында 846 м3/с. Қараша айының ортасында қатып, сәуірде мұзы ериді. Уфа қаласынан Мәскеуге дейінгі аралықта тұрақты су көлігі қатынайды.[1]