Дала қарақасы
Дала қарақасы - қарақас тұқымдастығындағы кішірек шалшықшы. Шалшықшыларға сай емес, ерекше қысқа аяқтарына байланысты, отырған кезде жерде жатқан сияқты болып көрінеді. Бірақ ұшқанда қарлығашты еске түсіреді. Үшкір ұзын қанаттары, айыр құйрығы, қысқа жалпақ тұмсығындағы кең ауыз қиысы - осының бәрі жәндіктерді ұшып жүріп ұстауына икемделген. Қарлығаштар секілді қарақастар да ұзақ уақыт ауада биік қалықтап ұшады, көбіне түтас үйір болып қалықтайды. Ұяларын жерге салады, жұптар бір-бірінен шамалы қашықтықта орналасады, 2-3 шұбар жұмыртқаларын кезектесіп басып шығарып, балапандарын бірге ертіп жүреді. Қазақстанда 4 ай болады (мамырдың басынан қыркүйектің ортасына дейін). Қыстау үшін Оңтүстік Африкаға ұшып кетеді. Жәндіктермен қоректенетін пайдалы құс, шегірткені өте көп жейді. Өкінішке орай соңғы жылдары дала қарақасының саны барлық жерде азайып барады, сондықтан Халықаралық Табиғат Қорғау одағының ерекше тізіміне енгізілді.