Кашмир мәселесі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Кашмир мәселесі - 1947 жылы тамызда тәуелсіз екі мемлекет құрылуына байланысты туындаған қақтығыс. Кашмирдің басым мұсылман бөлігі Пәкістанға қосылып, ал индуистік бөлігі Үндістанды қолдады. Екі ортада қарулы қақтығыстар өршіп, екі ел басшылары БҰҰ-на шағымданды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі 5 елден ара ағайындық комиссия құрды. 1949 жылы 1-қаңтарда соғыс қимылдары тоқтатылып, 27 шілдеде шекара сызығы белгіленді. Батыс және Солтүстік Батыс Кашмир Пәкістанға, ал қалған көпшілік бөлік Үндістанға бағындырылды. 1952 жылы шілдеде Кашмир билеушісі мен Үндістан үкіметі арасында "Дели келісімі" жасалды, өлке Джамму және Кашмир штаты деген атпен Үндістан құрамына енгізілді, бұл шешімді жаңа штаттың ұйысу жиналысы 1956 жылы17 қарашада қабылданған конституциямен бекітті. Осыған байланысты Үндістан бұл мәселе біржола шешімін тапты деп есептеді. Пәкістан, керісінше, Джамму және Кашмирде референдум жүргізуді талап етті. Осыдан кейін Кашмир мәселесі БҰҰ-да 1955, 1960, 1962, 1963 жылы бірнеше мәрте көтерілді. Үнді-Пәкістан кездесулерінде талқыланып, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады. Екі ел арасында 1965 жылы туған кезекті қарулы қақтығыс КСРО мен басқа де елдердің белсенді араласуымен тоқтатылды. Ташкент кездесуінде (4-10 қаңтар 1966 жылы) екі ел басшылары Үнді-Пәкістан қатынастарын реттеуге жол ашатын декларацияға қол қойды. Бірақ Кашмир мәселесі әлі де толық шешімін тапқан жоқ. 2001 жылы Үндістан мен Пәкістан елдері ядролық державаға айналып, Кашмир екі ел арасындағы ғана емес, Азия құрлығындағы ең бір қауіпті аймақтардың біріне айналды. 2002 жылы көктемде Үндістан мен Пәкістан арасында Кашмир мәселесінің ушыққан кезекті жанжалы басталып, арты қарулы қақтығысқа үласты. Әлемдік деңгейдегі аса үлкен соғысқа жол бермеу үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел басшыларын Азиядағы өзара ынтымақтастық пен сенім шаралары кеңесіне қатысуға, келіссөз жүргізуге шақырды. Бұл шақыруды екі ел басшысы да қабыл алып, 2002 жылы 3 маусымда Алматыға келді. 4 маусымда өткен саммит кезінде олар өздерінің ядролық қаруын бірінші болып қолданбайтындықтары жөнінде мәлімдеме жасады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3