Метастаз
Метастаз (көне грекше: μετάστασις – орын ауыстыру, ауысу) – ауыру тудыратын ісік клеткаларының, т.б. бастапқы (бірінші реттік) зақымданған ошақтан қан не лимфа ағынымен бірге орын ауыстырып таралуы нәтижесінде пайда болатын екінші реттік патологиялық ошақ; қатерлі ісік көзінің (түйінінің) екінші бір жерден өніп-өсуі; қатерсіз ісіктердің, яғни дерттің асқынып, одан әрі қарай дамуы. Қатерлі ісіктің бәрі бірдей Метастаз бермейді. Метастаздың тарамдалып жайылу жылдамдығы да әр түрлі болады. Ісік аймағына тек ісік түскен орган ғана емес, сонымен бірге органнан тыс жатқан лимфа бездері мен лимфа тамырлары да жатады. Дерт ісік аймағында ғана емес, біртіндеп бүкіл организмге жайылуы мүмкін. Мысалы, сүт безіне түскен ісік қолтық бойымен қолтық аймағынан алшақ жатқан тері қабаттарына тарап, қосымша бірнеше ісік көздерінің пайда болуына әсер етеді. Мұны терідегі Метастаздар немесе лимфоангаит деп атайды. Ісік клеткасының Метастаз беруінің өзіне тән ерекшелігі – организм Метастаздың тез қарқынмен өсуін бақылай алмауының нәтижесінде Метастаздың бастапқы (бірінші) ісік ошағымен қосылып кетуі (Қатерлі ісік).
Метастаз түрлері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Таралу жолдарына қарай лимфогендік, гематогендік, имплантациялық, аралас Метастаз (сирек) түрлеріне ажыратылады.
- Лимфогендік Метастаз – қатерлі ісік клеткаларының ісіктің өсуіне қарай лимфа тамырларына еніп, лимфа ағынымен лимфа түйіндеріне таралуы;
- Гематогендік Метастаз – ісіктің тікелей капилляр қан тамырларында өсуі;
- Имплантациялық Метастаз – кейбір ісіктерді операциямен алып тастау кезінде, ісік клеткаларының басқа органдарға ауысуы.
Организмдегі лимфогендік Метастаздың анатомиялық заңдылықтары мен оның таралу жолдарын анықтау үшін, көптеген зерттеулер жүргізілгенмен, оның пайда болуының биол. заңдылығы осы күнге дейін нақты табылған жоқ. Дегенмен гематогендік (қан арқылы тарайтын) Метастаздың (өкпе, бауыр, сүйек, кейбір ішкі органдарда) пайда болу жолдарының механизмін зерттеудің нәтижесінде оның мынадай негізгі сатылары бар екені анықталды:
- алғашқы ісік түйіннен ісік клеткаларының ажырап, қан тамырларының қабырғасын бойлай отырып, қанға өтуі;
- ісік клеткаларының қандағы циркуляциясы;
- ісік клеткаларының қан тамыр қабырғаларына жабысып, қан тамыр ішінде жаңа ісік клеткаларының өсуі;
- қан тамырлар ішіндегі ісік массасының қан тамырларды жарып шығып, ішкі органдарға жайылуы.
Организмде Метастаздың болуы ісіктің жергілікті өсу фазасынан генерализация (ісіктің өсіп жайылуы) фазасына өтуіне бірден-бір дәлел бола алады. М-дың бір ғана түйіннен дамитын жекеше (солитарлы) Метастаз түрі және тарамдалып жайылып кеткен көпше түрі болады. Біріншісін хирургиялық операциямен алып тастайды. Ал екінші түріне кешенді ем (сәулемен емдеу және химиялық терапия) қолданылады. Метастаздың емнен кейін алғашқы 3 жылы қауіпті деп есептелінеді, себебі осы уақыт аралығында Метастаз қайта өршуі мүмкін.[1][2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ Энциклопедиясы
- ↑ Патологиялық анотомия терминдерінің орысша – латынша – қазақша түсініктеме сөздігі.- Ақтөбе. ISBN 9965-437-40-8
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |