Портал:Құстар/Жақсы мақала
Дыркептер (лат. Columba palumbus) – кептерлер тұқымдасына жататын құс. Денесінің тұрқы 39 – 44 см, салм. 500 г-дай. Денесінің пішіні жағынан түркептерге ұқсас: денесі созылыңқы, құйрығы мен мойны біршама ұзын, басының екі жағында ақшыл жақша тәрізді таңбасы бар. Түсі сұрғылт көкшіл, кеудесі қызғылт сұр, ұшқан кезде қанатындағы ақ дақтары жақсы көрінеді. Қазақстанда Жайық өз-нің аңғарында ұялайды. Жыл құсы. Көктемде ұшып келіп, қылқан жапырақты және аралас ормандардағы ағаштарға ұя салады. Ұясында 2 жұмыртқасын аталығы мен аналығы кезектесіп, 17 – 18 күнде басып шығарады. Балапандарын екеуі ұяда 20 күндей қоректендіреді. Балапандары ұшқаннан кейін де, түнде ұяларына қайта оралады. Өте сақ құс. Шыршаның, үйеңкінің, астық тұқымдас өсімдіктердің тұқымдарымен, жеміс ағаштарының жидектерімен, жапырақтарымен қоректенеді. Кейде аздап моллюскілерді, жұлдызқұрттарды және ұсақ омыртқасыздарды да жейді. Д. спорттық әуесқойлық жолмен көп ауланады.