Үндістан өнері
Үндістан өнері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]XII ғасырдың аяғы мен XIII ғасырдың басында үнді елінде үлкен өзгерістер болды. Мұсылман феодалдары Солтүстік Үндістанды жаулап алған соң, үлкен орталық мемлекеттер құрыла бастады. Үнді елін жаулап алушылар, әсіресе дін жағына қатты ықпалын тигізді. Сонымен қатар мәдениетінде, сәулет, кескіндеме, қолөнерінде өзгерістер жасады. Солтүстік Үндістанда XIII ғасырдан бастап құрылыстар, жаңа мәдени орындар салына бастады. Мұсылман жаулап алушылары, әсіресе сәулет өнеріне орасан зор әсер етті. Үнді елінің салтына қатысы жоқ мешіттер мен мазарлар, кесенелер салды. Жаңадан корғанысы бар қалалар, бай сарайлар, мазарлар, медреселер, яғни бұрын болмаған құрылыстар салына бастады. Үнді елінің қолөнершілері өздеріне жат өнермен — сәулет, ою өрнектермен таныса бастады. Олар әр түрлі тастармен жұмыс істеп, безендіруді үйренді. Мұсылман құрылыстарында үнді ою-әшекейлері мен арабтардан алынған аркалар, күмбез, мұнаралар аралас қолданыла бастады. Екі елдің сәулетшілері бірігіп жасаған жаңа минарет Кутб Минар 1230 жылы салынып бітті. Минарет биіктігі — 73 м. Бұл минарет — қабырғалары гофриленген (бүрмеленген), әдемі өрнектеліп, қатар-қатар белдіктермен бөлінген, алтындалып, қызыл құммен салынған, ортасында биікке көтеріліп тұрған күмбез қиылған бұрыштары бар үй.
Үнді сәулет өнері XVI—XVII ғасырлардан бастап жаңа өзгеріске ұшырай бастады. Ұлы Ақбар басқармасы кезінде талантты суретшілерді, сәулетшілерді іздеп тауып, өздеріне жұмысқа алып, біріккен мемлекеттік үлкен құрылыстар — Агра, Фатхур, Сикри қалаларын безендірген сарайлар, саябақтар, мешіттер, кесенелер, үлкен қорғаныс бекіністер салғызды.
Тәжі-Махал кесенесі X ғасырда салынған. Бұл кесенені Үнді, Түрік, Иран, Ауғанстан құрылысшылары салған. Моғол императорының қайтыс болған әйеліне арнап жасалынған Тәжі-Махал кесенесі дүние жүзінe белгілі болды. Бұл кесенені 20 мың адам 18 жыл бойы салды. Ғажайып әдемілігі үшін Тәжі-Махал "Үнді маржаны" деп аталды. Ол көгілдір аспанмен таласып, қиылған бұрыштары бар төртбұрышқа ұқсайды. Ортасында жерден 15 метрге жуық көтеріліп тұрған әдемі күмбез, үйдің жан-жағындағы бұрыштарда көлемі жағынан мүнан кішірек тағы да төрт күмбез бар. Осындай мұнаралар кесенеге жарасып, әдемі сымбат беріп түр. Тәжі-Махал — аппақ қардай мәрмәрдан салынып, тамаша оюлармен нақышталған, айналасында су бұрқақтары бар саябақ. Ұлы Моғол империясы кезінде шығыс елінен шебер миниатюралар әкелінді. Моғол миниатюрасы әдеби шығармалармен тығыз байланысты болды.
Қалада шеберханалар, миниатюристер мектебі ашылды. XVI — XVIІ ғасырларда миниатюристер сол кездегі оқиғаны детальдармен дәл көрсетуге тырысты. Тарихи батырлар өмірінен сюжет, соғыстар, жорық кезі көрсетілді. Үнді, моғол миниатюрасында берілген табиғат, жан-жануарларға қызығушылықты атап кетуге болады. Олар сол кездегі қарапайым өмірдің, тұрмыс-салтын бейнеледі. Ал XVII ғасырдан бастап шығармаларда берілген көрініске өзгеріс енгізілді, яғни адамның ішкі сезімін, мінез-құлқын ашуға қадам жасайды.
Суретшілер патшалардың бастарын салумен қатар, төменгі деңгейдегі адамдарының бет пішінін де салды. Атап айтқанда, ақын, данышпан, оқымысты, малайлар, үй қызметшілері және т.б. бейнеленді. Сол кездегі суретшілер бояудың түрлі көздерін іздеді, артқы, алдыңғы план пайда бола бастады, жарық (күн) пен көлеңке енгізілді. Бірақ суретшілер осы ізденістер үстінде жүргенде бояудың әдемілігі мен әсемділігі, оның ырғақтылығы, құбылып тұрған өміршеңдігі бұрынғыдай сақталмады.
XVIII ғасырда моғол миниатюрасы өзін жоққа шығарды, яғни өзінің қасиетін төмендетті. XVII ғасырдың аяғында миниатюра кескіндеме мектептеріне ауысады. Раджастхан мектебі және Оңтүстік Үнді облыстарында Раджпут миниатюрасы деп аталады. Негізгі кейіпкері — Құдайларға, Шива және Великиз тәрізді халық батырларына арналған. Сол кездегі негізгі сюжеттер: махаббат сценасы, халық билері, музыкалық аспаптарда ойнап отырған музыканттар.
Әдемі Раджпут өнері халық өнерінің бірі болып саналады. XVIII ғасыр Үнді елі өнерінің тоқырау кезеңі болды. Колониялдық тәуелділік Үнді елінің өнерінің дамуына ұзақ уақыт кедергі болып, тоқтатып тұрды. Өнерінің деңгейінің өсуіне көп кедергі келтірді.[1]
-
Үнді жазуы
-
Үйлену тойы
-
Мурти Радхи және Кришна
-
Ратха-ятра мейрамы
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Эгей өнері
- Мысыр өнері
- Ежелгі Грекия өнері
- Ежелгі Рим өнері
- Ерте ислам өнері
- Қытай өнері
- Жапон өнері
- Өнер
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Өнер: Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулык/Қ.Болатбаев, Е.Қосбармақов, А.Еркебай. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-33-998-8
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |